Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі (әрі қарай ҚР МОМ) өзінің көрме қызметі аясында жыл сайын 35-тен астам көрме және 80 іс шара ұйымдастырып өткізеді. ҚР МОМ көрме қызметінің басты бағыты музейдің қор коллекциялары мен жеке жинақтардағы материалдық және рухани мәдениет ескерткіштерін экспонаттауға негізделген. Музей музей ісі саласында бұған дейін жолға қойылған халықаралық байланыстарды дамытуды жалғастыруда және соңғы жылдары шетелдерде 20-дан астам көрме ұйымдастырды.
Музейдің шетелдердегі көрмелері
ҚР Мемлекеттік орталық музейі алыс-жақын шетелдердің музейлері, ғылыми-зерттеу, оқу және мәдени мекемелерімен ғылыми ынтымақтастықты дамытуда. Атап айтқанда, Британ музейі (Лондон қ.), Мемлекеттік Эрмитаж (Санкт-Петербург), Жапон ұлттық музей, Корей ұлттық этнографиялық музейі (Сеул қ.), Ресей этнография музейі (Санкт-Петербург), Болон университеті (Италия), Мемлекеттік тарихи музей (Мәскеу қ.), Пенсильвания университетінің Антропология музейі (АҚШ), Нью-Йорк университеті қасындағы Ежелгі әлемді зерттеу институты (АҚШ), Гим атындағы Шығыс халықтарының өнер музейі (Париж), Тау-кен ісі музейі (Германия, Бохум қ.) және т.б.
Айтулы нәтижелер қатарында Германияда сақ қорымдарының қазбалары бойынша құрылған «Алтын гриф» – ҚР МОМ қорларынан алынған Қазақстанның археологиялық алтындары халықаралық жобасы (Мюнхен және Гамбург қ.). Көрме скиф обалары қазыналарының коллекцияларын иеленуші ресейлік және украиндық музейлермен бірлесе өткізілді. Алғашқы Берлиндік көрме орасан зор табысқа қол жеткізді, көрмені үш ай бойы 149 мыңнан астам адам тамашалады. Аталмыш көрме Мюнхен, Гамбург қалаларында 2008 жылдың көктеміне дейін жалғасты. Сақ қорымдары мен көмбелерінің қазыналары Иорданияда (2009 ж.), Біріккен Араб Әмірліктерінде (2009 ж.) Кореяда (2010 ж.), Францияда (2010 ж.), АҚШ-та (2012 ж.), Германияда (2013 ж.) және басқа елдерде өткізілген көрмелерде де көрсетілді.
Қазақстан Республикасының орталық музейі «Гим атындағы Шығыс халықтарының өнері» музейімен бірігіп жасаған «Қазақстан: адамзат, жануарлар әлемі және дала құдайлары» (Париж қ.) көрмелік жобасы – 2010 жылғы Қазақстан тарихындағы жарқын оқиғалардың бірі. Елбасы Н.Назарбаевтың алғашқы ресми сапарымен Франция қаласына келуіне орайластырылған көрме үлкен табысқа ие болды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының орталық музейі 2012 жылы Нью-Йорк университеті жанындағы Көне әлемді зерттеу институтымен (АҚШ) ынтымақтаса отырып, «Көшпелілер және байланыстары: Қазақстанның ежелгі өнері мен мәдениеті» атты жаңа жобасын америкалық жұртшылыққа ұсынды. Бұл бірлесіп ұйымдастырылған көрме Нью-Йорк қаласында, сондай-ақ Вашингтон қаласындағы Смитсон институтының Фриера және Саклера галереяларында да үлкен табысқа жетті. Көрмеге Президенттік Мәдениет орталығы мен Қазақстан Республикасының орталық музейінің қорларындағы археологиялық коллекциялар қойылды.
2013 жылы Орталық музейі Бохум қаласындағы (Германия) «Тау-кен ісі музейімен» бірлесе отырып, байырғы көшпелілердің бай мәдениеті мен тарихын танытатын «Беймәлім Қазақстан — Археология Азия жүрегінде» атты Халықаралық көрме ұйымдастырды.
ҚР Орталық музейі Қытай Халық Республикасының ғылыми және мәдени мекемелерімен халықаралық байланыстарды белсенді дамытуда. Қазақстан мен ҚХР арасындағы ынтымақтастық Ұлы Жібек Жолын дамыту аясында ек ел арасында
ортақ тарихи және мәдени байланыстарды нығайтуға, бейбітшілік пен ашықтықты, толеранттықты сақтауға, Жібек Жолы бойында орналасқан елдер арасында жан-жақты байланыс орнатуға бағытталған. 2018 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белбеу және бір жол» бағдарламасы және ҚР МОМ мен ҚХР Таң династиясының Батыс базарының Сиань музейі арасындағы мәдени ынтымақтастық аясында «Ұлы дала: ежелгі көшпелілер мәдениеті» көрме ұйымдастырылып өткізілді. Мемлекеттік музейдің қор коллекциялары негізінде Сиан қаласында өткен бұл көрмені 100мыңға жуық адам тамашалады. Көрме көшпелі мәдениет иелері – сақ, үйсін және қаңлылардың жоғары деңгейде дамыған бай материалдық мәдениетін танытты.
ҚР МОМ сондай-ақ, ТҮРКСОЙ халықаралық түркі мәдениеті ұйымымен белсенді ынтымақтастықта жұмыс істейді. Музей ісі және бірлескен мәдени-білім беру жобаларын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандум да жасалған.
Музейдің қор коллекциялары негізінде ұйымдастырылған көрмелер
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің қоры сонау көне замандардан қазірге дейінгі Қазақстан тарихынан мағлұмат беретін материалдық және рухани мәдениет ескерткіштерінен тұрады. Әр сипаттағы музей коллекциялары түрлі сипаттағы: мерейтойлық, мемориалдық, коллекциялық, бір затқа арналған көрме және басқа да уақытша көрмелер құруға зор мүмкіндік береді.
2015-2018 жылдары музейдің қор коллекциялары негізінде 40-тан астам көрме ұйымдастырылды. Бұл көрмелер ғылыми және мәдени көпшілік арасында үлкен қызығушылық тудырып, республикалық БАҚ-да жаппай жарияланып отырды.
Соңғы жылдары ұйымдастырылған тақырыптық және мерейтойлық көрмелердің аса маңыздыларын атап көрсетсек:
- XXIV Қысқы Олимпиадалық ойындарды өткізу аясындағы «Қазақстанның тарихи-мәдени құндылықтары»;
- Астана күнін мерекелеу аясында «ҚР МОМ қорындағы кілем және тоқыма бұйымдар коллекциясы» и «ҚР МОМ қор коллекциясындағы қару-жарақтар мен ат әбзелдері»;
- Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуын атап өту аясында «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі қорындағы кілем және тоқыма бұйымдар коллекциясы» және «Қазақтың дәстүрлі қару-жарақтары;
- Алматы қаласы күні аясында «Алматы – ежелгі өркениет орталығы»;
- «ҚР МОМ қорындағы самаурындар коллекциясы». Көрме аясында қазақ, орыс және ұйғыр дәстүрінде шәй беру салтанаты өтті. 133 с.б. экспонатталды.
- «Алаумен өрілген өнер» көрмесінде халық назарына музей қор коллекциясындағы археологиялық заманнан қазіргі күнге дейінгі керамикалық және фарфор бұйымдар мен Қазақстан, Ресей, Орта Азия, Еуропа халықтарының тұрмыстық бұйымдары ұсынылды.
-
- «Қазақстан – ядролық қарусыз әлем үшін» көрмесі келушілерді Қазақстан территориясындағы ядролық полигонның жабылуы мен «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының жұмысымен таныстырды.
- Музейдің қор коллекциясы негізінде ұйымдастырылған «Дәстүрдің жарқын жалғасы» көрмесі Қазақстан зергерлерінің жұмыстарымен таныстырды. Көрмеге 106 с.б. зат қойылды.
- «Отбасы. Тұрмыс. Құндылық» көрмесі. XIX-XX ғғ. қазақ халқының тұрмысы мен дәстүрін сипаттайтын сирек те бірегей фотоқұжаттардан – 66 с.б. тұрды.
ҚР МОМ мәдени-білім жұмысы қызметінде Қазақстанның ұлы тұлғаларының өмірі мен шығармашылығына арналған көрмелер ұйымдастыру ерекше орын алады.
ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрме аясында Орталық музей 2017 жылдың мамыр айында қор коллекциялары негізінде қазақстандық ғылым мен мәдениеттің даму тарихы мен қол жеткізген жетістіктеріне арналған «ҒЫЛЫМНЫҢ ҚИЛЫ СОҚПАҒЫМЕН: ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАРИХЫНДАҒЫ ҒАЛЫМ-ТҰЛҒАЛАР» көрмесін ұйымдастырып өткізді. Көрме экспозициясына қазақстандық ғылым мен мәдениеттің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар көрнекі ғалымдардың: Қ.И. Сатпаев – Қазақ КСР Ғылым академиясының негізін қалаушы; академик Ә.Х. Марғұлан, Х.А. Арғынбаев – этнограф, археолог, профессор; К. Акишев – қазақстандық археологтар мектебінің негізін қалаушылардың бірі; тұңғыш әйел-палеонтолог Б.С. Қожамқұлова, С. Сейфуллин – ақын, жазушы, мемлекет қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағының негізін қалаушы, сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстанның әйгілі ғалымдары: С.З. Зиманов, М.Х.Асылбеков, У.Х.Шәлекенов, А.К.Қошанов, Ж.К.Қасымбаев, Е.Е. Ерғожин және т.б. жеке кешендері қойылды.
- Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясында қор коллекциясы негізінде құрылған «Шоқан асулары» көрмесі әйгілі географ, этнограф әрі шығыстанушы Шоқан Уәлихановқа арналып Алматы қаласы ҰҚК департаментінде ұйымдастырылып өткізілді. Көрмеге 49 с.б. зат қойылып, 207 адам тамашалады.
ҚазКСР Халық әртісі, актер, режиссер әрі әнші Кәукен Кенжетаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Қазақтың Кәукені» мемориалдық көрмесі.
«Халық жүрегіндегі қаламгерлер» көрмесі Дүниежүзі Жазушылары күніне орай және Қазақстанның ұлы саңлақ жазушыларының: М.О.Әуезовтың 120 жылдық, Ғ.Мүсірепов және Ғ.Мұстафиннің 115 жылдық, Д.Әбілев және Ғ.Ормановтың 110 жылдық, Ә.Шәріповтың 105 жылдық, С.Шәймерденов пен Ә.Нұршайықовтың 95 жылдық мерейтойларына арналып ұйымдастырылды. Көрмеде тұңғыш рет жазушылардың өмірі мен шығармашылықтарына қатысты материалдар: мұрағат құжаттарының бірегей коллекциясы, кадрларды есепке алу бойынша жеке парақшалар, мүшелік билеттер, фотосуреттер, жазба кітапшалары, хаттар толықтай жинақталды деуге болады. Көрмеге 300 ден астам заттар қойылды.
Музейден тыс көрмелер:
Музей қор коллекциялары негізінде Абай атындағы МАОБТ-да өткен «Қазақстанның тарихи-мәдени құндылықтары» көрмесі. XXIV Қысқы Олимпиядалық ойындар өткізуге кандидат-қала ретінде Алматы қаласының спорт нысандарын тексерген Олимпиядалық Комитеттің Бағалау Комиссиясының келуі аясында ұйымдастырылды. Көрмеге 136 с.б. қойылды.
Астана күнін мерекелеу аясында қор коллекциясы негізінде ұйымдастырылған «ҚР МОМ қорындағы кілем және тоқыма бұйымдары коллекциясы» көрмесінде 80 с.б. экспонатталды. 4 күн ішінде көрмені 10 000 адам тамашалады.
қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясында Тараз қаласында өткен «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі қорындағы кілем және тоқыма бұйымдар коллекциясы» және «Қазақтың дәстүрлі қару-жарақтары» көрмелерінде 114 с.б. экспонатталды.
Алматы қаласындағы Астана алаңында музей қор коллекциялары негізінде өткен «Алматы – ежелгі өркениет орталығы» көрмесіне 95 с.б. зат қойылып, 5400 адам тамашалаған. Көрмеге Алматы қаласының тарихы мен өңір табиғатын сипаттайтын орнитологиялық, энтомологиялық, археологиялық экспонаттар қойылды.
Астана күні аясында өткен «ҚР МОМ қор коллекциясындағы қару-жарақтар мен ат әбзелдері» көрмесіне 117 с.б. зат қойылып, көрмені 5000 адам тамашалады.
Халықаралық «Сарайшық – Ұлы Дала тарихы» ғылыми-практикалық конференция аясында ҚР Ұлттық музейінде (Астана қ.) өткен «Сарайшық – Ұлы Дала тарихы» көрмесіне 38 с.б. жәдігер ұсынылды.
Мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы, тележурналист, жазушы Сағат Әшімбаевтың 70 жылдық мерейтойы аясында М.О.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында өткен көрме де қор коллекциялары негізінде ұйымдастырылды. Көрмеге 60 с.б. зат қойылып, 2200 адам тамашалады.
ҚР МОМ заттары негізінде өткен көрмелердің бірі – «Зерлеу өнері: дәстүр және жаңғыру». Көрме Алматы қаласының Тарих музейімен бірлесіп ұйымдастырылған. Көрмеге 40 с.б. зат қойылды.
Ш.Уәлихановтың «Алтынемел» мемлекеттік мемориалдық музейінде өткен «Шоқан асулары» көрмесі де музейдің қор коллекциясы негізінде өтті. Көрмеге 79 с.б. зат қойылды.
2018 жылы мынадай КӨРМЕЛЕР көпшілікті дүр сілкінтті:
Халықтық сәндік-қолданбалы өнер шебері, Қазақстан Суретшілері одағының мүшесі – Ж.Арыстанованың (1895-1964) шығармашылығына арналып ҚР МОМ қор коллекциялары негінде ұйымдастырылған «Оюлар сыры» мерейтойлық көрмесі. Отбасылық дәстүрді жалғастырушы Ж.Арыстанованың шығармашылығында қазақ зергерлік өнерінің өзіндік ерекшеліктері көрініс тапқан. Бұл дәстүр оның киіз, кілем беттеріне түсірілген барлық ою-өрнектерінде кездеседі. Ол жалпы қазақ өрнегіне тән қос түстілік, негізгі ою мен оның айналасының ырғақты тепе-теңдігі. Көрмеге 30-дан астам зат қойылды.
Халықаралық «III Арғынбаев оқулары. Қазіргі заманғы этнография ғылымы және оның қоғамдық жаңғырудағы ролі»» ғылыми-практикалық конференциясы аясында ҚР МОМ қор коллекциясы негізінде жасақталған «Х.Арғынбаев және қазақ этнографиясы» көрмесі. Көрмеге Х.Арғынбаевтың әр жылдары жинақталып, ғылыми еңбектерде жарық көрген экспедиция материалдары, құжаттар мен фотосуреттері – 88-ден астам зат қойылды.
ҚР МОМ қор коллекциясынан құрылған «Адам. Дәуір. Байланыс» көрмесі ежелгі петроглифтерден қазіргі заманға дейінгі байланыс құралдарымен таныстырды. Көрме заттарының молдығы ғана емес, сол заттардың сан түрлілігімен ерекшеленді. Көрмеге 70-тен астам зат қойылды.
«Жаңғырған мұра» (ҚР МОМ қорындағы қалпына келтірілген белдіктер мен зергерлік әшекейлер коллекциясы негізінде) көрмесі.
Музей қызметіндегі аса маңызды бағыт – музей заттарын қалпына келтіру, жаңғырту. Қалпына келтіру жұмыстары тарихи-мәдени құндылығы зор музейлік заттарды сақтауда аса маңызды ажырамас бөлік. ҚР МОМ Қалпына келтіру орталығы 1986 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталықта көп жылдық тәжірибелер негізінде жасақталған ескерткіштерді қалпына келтіру әдістерінің негізін салушы тәжірибиелі мамандар қызмет етті. Бүгінгі таңда Орталық музейдің Қалпына келтіру орталығында біліктілігі жоғары санатты 10 суретші-реставратор маман мынадай бағыттар: кескіндеме, графика, керамика, мата, кілем-киіз бұйымдары, ағаш, былғары, сүйек және металл бойынша жұмыс істейді.
Көрмеде еліміздің ұлттық игілігіне жататын музейлік құндылықтарды «жаңғыртуға» өзіндік үлес қосып жүрген реставратор мамандардың еңбегі көрсетілді. Көрмеге алғаш рет ҚР МОМ қорындағы 30-дан астам ерлер мен әйелдердің белдіктері және зергерлік әшекей бұйымдар қойылды.
«Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалалар: қыш бұйымдардағы ою-өрнек өнері» (ҚР МОМ қорындағы қыш бұйымдары негізінде). Көрме Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Қазақстанның ортағасырлық қалаларында (IX-XVI ғғ.) бой көтерген ескерткіштерден табылған шыңылтырлы және қалыпталған (штампталған) қыш ыдыстар дамуының негізгі кезеңдерін, декорда қолданылатын әртүрлі өрнектеу (зооморфты, геометриялық, өсімдік және эпиграфикалық) техникасының тұрақты архитиптегі сипатын сақтай отырып, оны бір кезеңнен келесі мәдени кезеңге жеткізетін артефактілермен таныстырды. Көрмеде Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Тараз, Отырар, Испиджаб, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Ақтөбе, Талхир және Сарайшық ортағасырлық қалашықтарынан табылған шыңылтырлы қыш ыдыстарының даму үдерісінде бірін-бірі алмастыратын мәдениеттің негізгі үш кезеңдері — қарахандық (ІХ – ХІІІ ғғ. басы), алтын орда (ХІІІ – XІV ғғ. басы) және әмір темір (XІV– XV ғғ. соңы) бойынша 100-ден астам бірегей артефактілер көрсетілді.
Музейдің «Қазақстан халық банкі» АҚ-мен бірлесіп, еліміздегі ең ірі қаржы институттарының бірі – Халық банкінің (Halyk Bank) 95 жылдығы және Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы – теңгенің 25 жылдық мерейтойына арналған «Теңге – тиыннан, тұлпар – құлыннан (Тәуелсіздіктің бірегей тұғыры) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі қорынан» көрмесі көпшілік тарапынан үлкен қолдау тапты. Тақырыптық-хронологиялық принцип бойынша құрылған көрмеде ерте кезеңдерден бастап қазіргі Қазақстан аумағында және онымен көршілес аймақтарда пайда болған мемлекеттердің (Кушан-Сасан, Түрік-Түргеш, Қарахан, Шағатай, Жошы, Темір әулеттері және т.б.) сауда-экономикалық айналымында, тауар-ақша қарым-қатынастарында болған күмістен, мыстан жасалған көне монеталар қазақ және орыс тілдеріндегі ғылыми сипаттамаларымен үлкейтілген түрінде жұртшылық назарына ұсынылды. Сондай-ақ Ресей патшалығы, Кеңес Одағы кезеңінде қолданыста болған қағаз ақшалардың (бонистика) алуан түрлері мен Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгенің алғашқы және кейінгі үлгілері, тәуелсіздік жылдарындағы түрлі нумизматикалық топтамалар, яғни мерейтойлық монеталар да осы көрме төрінен табылды. Сонымен қатар көрмеге келушілер назарына ҚР МОМ қорынан алынған мұрағаттық құжаттар, облигациялар, лотерея билеттерімен қатар түрлі иллюстрациялар, кестелер және осы тақырыпты аша түсетін қосымша экспонаттар қойылды. Көрме аясында оқушылар мен студенттер назарына «Нумизматика әлемінде» атты музейлік-педагогикалық бағдарлама ұсынылды. Көрме өскелең ұрпақ бойында шынайы патриоттық сезімді қалыптастырып, болашақ бағдарын таңдауға ықпал етеді.
Жеке жинақтардан құрылған көрмелер
Жеке тұлғалардың ұсынуымен және ұйымдастыруымен өткізілетін көрмелер: қазіргі заманғы мәдениет пен өнер қайраткерлерінің шығармашылығын көрсететін көрмелер (суретшілер, фотографтар, коллекционерлер және т.б.), Қазақстанның ғылым, экономика, әлеуметтік-мәдениет салаларындағы жетістіктерін ашып көрсететін тұсаукесер сипатындағы көрмелер және әлемнің түрлі елдерінің музей коллекцияларын таныстыратын музейаралық көрмелер.
Соңғы жылдары (2015-2018жж) ҚР МОМ суретшілер, фотографтар, коллекционерлер, қолөнершілер, ҚР іскерлік корпусының өкілдерімен, музейлермен, ғылыми-зерттеу және шығармашылық ұйымдарымен, бизнес-құрылымдармен бірлесіп жеке коллекциялардан 150-ден астам көрме өткізді.
Мынадай көрмелер жұртшылық тарапынан үлкен қолдау тапты:
«Жапон мәдениеті күні» көрме-фестивалі және «ИСЕГАТАГАМИ» өнері шеберлерінің картиналар көрмесі. Көрмеде көрермендер назарына жапон шебері Какумару санның бірегей картиналары, сондай ақ алматылық шеберлердің сәндік-қолданбалы өнер туындылары ұсынылды. Жыл сайын іс шараға 5000-нан астам адам келеді.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған «ТУҒАН ЖЕР ТЫНЫСЫ» атты шығармашылық көрмесі. «Туған жер тынысы» атты бұл көрмеде Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясы станоктық кескіндеме шеберханасының жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жұмақын Қайрамбаевтың шәкірттері Елена Шарапова, Марина Коркут, Назерке Ілиясова, Наргиз Мұхаметқалина, Шахиза Қуанышбекова, Жанат Сейтхамзаұлы сынды суретшілердің бейнелеу өнерінің пейзаж, натюморт, графика жанрында орындалған қылқалам туындылары, сонымен қатар сәндік-қолданбалы өнер нұсқалары, текстиль — қазіргі киім үлгілері ұсынылды.
Қазақстан Республикасының Президентінің «Болашаққа бағдар» бағдарламасы аясындағы «Жаңғыру-2018» атты көркем туындылар көрмесіне О.Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжі мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы колледжінің 20-дан астам суретші-оқытушылары қатысты. Авторлардың туындылары – олардың бай, рухани әлемінің көрінісі. Суретшілердің шығармаларында әртүрлі табиғи ландшафттар, этникалық сюжеттер және т.б. туындылары ерекше көрініс тудырады. «Жаңғыру-2018» көрмесіне өз туындыларын қойған авторлар әрқайсысы жеке дара, әрқайсында өзіндік қолжазбасы және стиль бар. Көрме – Алматыдағы ең үздік жас суретші-педагогтардың өзгеше шығармашылық жетістіктерінің есебі. Олар көрме арқылы өздерінің кәсіптілік жетістіктерімен бөліседі.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдық мерейтойына орай бірлесіп ұйымдастырылған «Рухани жаңғырудағы ұлттық өнер» атты көрмеге 25тен астам оқытушылар мен бейнелеу өнері шеберлерінің – кескіндеме, графика, мүсіндеу және қолданбалы көркем өнер туындылары қойылды. Ондағы портреттер, натюрморттар, пейзаждар, жанрлық композициялар мен қолданбалы өнер жұмыстары – отандық мәдениетіміздің байлығын көрсетеді. Көрмеге жоғарғы оқу орындарының студенттері, оқытушылары, ЮНЕСКО өкілдері, ҚР Суретшілер одағы, көркем өнер колледждерінен жалпы саны 5000-нан астам адам жиналды.
Фотосуретші, саяхатшы Нұртаев Таймас Қуанышұлының «Жер шары: қандай ғажап бұл әлем!» атты жеке көрмесі алматылықтарды әлемнің әсемділігін паш ететін әдемі де әсерлі фотосуреттерімен таныстырды. Бұл өз кезегінде Қазақстанның табиғи байлығын дәріптеуге, өскелең ұрпақтың тарихымызды, мәдениетімізді тереңнен түсініп, табиғатты аялауға ықпал етеді.
ҚР Президентінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда ерекше атап өтілетін шара – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасымен бірлескен «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты
жылжымалы көрмелік ғылыми-біліми және мәдени-ағартушы жоба. 2017 жылдың қараша айында Тұңғыш Президент күні және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні секілді мемлекеттік мерекелер аясында салтанатты түрде ашылған көрме 2018 жылдың ақпан айына дейін жалғасын тапты. Көрмеде халық Тәуелсіз Қазақстанның 1990 жылдан бергі төл тарихымен танысты. Көрермендер назарына Елбасы Кітапханасының мұрағат, кітапхана, музей қорларының материалдары ұсынылды: Н. Ә. Назарбаевтың жоғары мемлекеттік наградаларының бірегей жинағы, Құрандар кітабының жинағы, мемлекет басшылары және қазақстандық авторлар тарту еткен қолтаңбасы бар кітаптар, Н. Ә. Назарбаевтың шет тілдеріне аударылған еңбектері. «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты жылжымалы көрмелік ғылыми-біліми және мәдени-ағартушы жоба аясында музей қор коллекциялары негізінде «ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТҰЛҒАСЫ» (тарихи тұлғалар, мәдениет, әдебиет, ғылым және білім қайраткерлері портреттерінің галереясы) атты тағы бір көрме ұйымдастырылып өтті. Көрме Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдау мен көпшілікті жалпы ұлттық патриотизм рухында тәрбиелеуге, еліміздің тарихы мен мәдениетіне сүйіспеншілік танытып, құрметпен қарауға бейімдеуге бағытталған. Көрмені 60 мыңнан астам адам тамашалады.
ҚР Мемлекеттік орталық музейінің мәдени-білім жұмысы қызметіндегі дәстүрлі бағыттың бірі – Қазақстан мен Орталық Азия қолөнершілерінің көрме-жәрмеңкесін ұйымдастыру. Бұл шара соңғы 15 жыл көлемінде дәстүрлі түрде жыл сайын Орталық Азияның (Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан) 150-ден астам шеберлердің қатысуымен өткізіліп тұрады. Сәндік-қолданбалы өнер туындыларының көрме-жәрмеңкесі тек Қазақстан халқы үшін емес, өнер мен қолөнерді бағалайтын шетелдік азаматтар арасында да үлкен сұраныспен өтеді. Көрме-жәрмеңкелер қазақ халқының, Орталық Азия халықтарының мәдени-тарихи мұраларын дәріптеу мен жаңғыртуға бағытталған. Олардың ішінде: «ҚЫЗҒАЛДАҚТАР ГҮЛДЕГЕНДЕ», «ЖІБЕК ЖОЛЫ», «АЛТЫН АЛМА», «ШЫҒЫС БАЗАРЫ».
Музей қабырғасында өтетін халықаралық көрмелер
Жыл сайын музей қабырғасында мәдени байланыстарды дамыту мен әлем халықтары мәдениетін дәріптеу, сондай ақ алыс-жақын шетелдердің музейлері, ғылыми-зерттеу мекемелері, оқу және мәдениет ошақтарымен ғылыми ынтымақтастықты дамыту мақсатында халықаралық көрмелер ұйымдастырылып тұрады.
Соңғы жылдарда ұйымдастырылған аса жарқын шаралар қатарында: «Фаберже» (Ресей) зергерлік бұйымдар көрмесі, «Жапон қуыршақтары», «Әлем кимоно жасау шебері Итику Куботаның көзімен» (Жапония), «Қытай калейдоскобы – қазіргі заманғы өмір картиналары», «Ғажап Қытай», «Фарфор өнеріндегі Жібек жолы жайлы Бейжің аңызы» (Қытай, Пекин қ.), Корея Республикасы Ұлттық этнография музейімен бірлесіп ұйымдастырылған «Ариранг- Кореяның жүрегі», «Түрікменстан мәдениеті күні» (Ашхабад қ.) және тағы да басқа.
Келесі көрмелер көпшілік арасында қолдау тапты:
«әл Фейсал: куәгер және шейіт» көрмесі Сауд Арабиясының королі Фейсал ибн Абдул-Әзиз әл Саудтың (1906-1975 жж.) жеке коллекциясынан құрылды. Көрме экспозициясы 60-қа жуық сирек, бірегей, тарихи заттар мен мұрағаттық құжаттардан тұрды. Олардың ішінде ерекше көз тартарлық заттар – Құран, құрмет белгілері, наградалары, медальдар, төс белгілері, фотосуреттер мен басқа заттар. Алтынмен апталып, күміспен қапталған мерелік қару-жарақтар көрмеден айрықша орын алды. Көрмемен 500-ден астам адам танысты, олардың ішінде ғалымдар, шығыстанушылар мен БАҚ, және т.б. қоғам өкілдері болды. Көрме Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға септігін тигізді.
Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулдығымен бірлесіп ұйымдастырылған «Ұлы Жібек жолының жаңа бейнесі мен жетістіктері» атты фотокөрме;
Швед суретшісі Туве Крабоның «Қылмыс орындары: алғашқы найзағай» атты жеке көрмесі (Швеция);
Қытай Өнер галереясымен бірлесіп ұйымдастырылған қытай фарфорының «Фарфор өнеріндегі Жібек жолы жайлы Бейжің аңызы» көрмесі (Пекин қ.);
«Экологиялық сана: табиғаттан үйренеміз» мультимедиялық интерактивті көрме (Германия, Берлинқ.);
Иран Ислам Республикасының Мәдени Өкілдігімен бірлесіп Наурыз мейрамына арналып ұйымдастырылған «ШАХНАМЕ» атты қолөнер бұйымдары мен көркем туындылар көрмесі Иранның дәстүрлі мәдениетімен, өнерімен таныстырды;
Польша күндері аясында, Польша егемендігінің жүз жылдық мерейтойына орай Алматы қаласындағы Польша Республикасының Бас Консулдығымен бірлесіп ұйымдастырылған «Андерс әскері – Үміт Жолы» атты көрмесі поляктардың Қазақстанға жаппай жер аударылуы мен генерал Андерс әскерінің құрылуына арналды.
«Арқайым – қалалар елі: кеңістік пен бейнелер» (Ресей, Челябинск қ.) Халықаралық фотокөрмесі «Синташта» бірегей мәдени-тарихи кешенінің зерттелуіне 45 жыл және қола дәуірінің дүние жүзіне әйгілі археологиялық ескерткіші Арқайымның табылуына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды.