Последние новости

20.12.2024 ж. «XXI ғасыр көшбасшылары және Қазақстанның танымал тұлғалары. Бірлескен шығармашылық» көрмесі

2024 жылғы 20 желтоқсанда, сағат 12:00-де Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «XXI ғасыр көшбасшылары және Қазақстанның танымал тұлғалары. Бірлескен шығармашылық» көрмесінің ашылуы өтеді.

Подробнее »

14.12.2024 ж. Қазақстандағы жергілікті өндірушілердің ең ірі көрмесі – «Almaty Pop Up Store powered by Teez» іс-шарасын өткізеді.

2024 ж. 14-15 желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі мен «Pop Up Store» компаниясы бірлесіп, Қазақстандағы жергілікті өндірушілердің ең ірі көрмесі – «Almaty Pop

Подробнее »

11.12.2024 ж. «Тәуелсіздік – ел ұраны » мәдени-танымдық іс-шарасы және «Тәуелсіздік бастауы – желтоқсан» көрмесі

2024 жылдың 11 желтоқсан күні сағат 15:00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні  арналған «Тәуелсіздік – ел ұраны » мәдени-танымдық іс-шарасы

Подробнее »

06.12.2024 ж. Тәуелсіздік күніне орай «Тұмар-Арт» суретші-педагогтар қауымдастығы мен олардың дарынды шәкірттерінің бірлесіп ұйымдастырғалы отырған «АТАМЕКЕН» көрмесі

2024 ж. 6 желтоқсанында сағат 16:00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде Тәуелсіздік күніне орай «Тұмар-Арт» суретші-педагогтар қауымдастығы мен олардың дарынды шәкірттерінің бірлесіп ұйымдастырғалы отырған «АТАМЕКЕН»

Подробнее »

05.12.2024 KAU School — оқушыларының «Тәуелсіздіктің түстері: біздің балаларымыздың өнерінде» көрмесі

2024 жылы, 5-желтоқсанда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Тәуелсіздік күніне орай КAU School оқушыларының «Тәуелсіздіктің түстері: біздің балаларымыздың өнерінде» көрмесін ашты. Алғаш рет ҚАУ мектебі

Подробнее »

21.11.2024 ж. «Халық жүрегіндегі қаламгерлер» көрмесі

ҚР Мемлекеттік орталық музейінде қазақтың көрнекті ақын-жазушылары – С.Сейфуллин мен І.Жансүгіровтің 130 жылдық, Ә.Нүрпейісовтің 100 жылдық мерейтойлары аясында «ХАЛЫҚ ЖҮРЕГІНДЕГІ ҚАЛАМГЕРЛЕР» атты көрме ашылды. Көрме

Подробнее »

Этнографиялық коллекция

 

Музей 24 мың сақтам бірлікті құрайтын бірегей этнографиялық коллекцияға ие. Коллекциядағы жәдігерлердің басым бөлігі ХІХ-ХХ ғғ. мерзімделеді, алайда XVIII ғ. 2-ші жартысы кезеңіндегі жәдігерлер де жетерлік. Этнографиялық коллекция қазақ халқының тұрмысы мен мәдениетін кешенді көрсетуге мүмкіндік береді және олардың көпшілігі сирек кездесетін тарихи-мәдени құндылық болып есептеледі. Музейдің ең алғашқы этнографиялық түсімдері ретінде бие саууға арналған ыдыс – көнек, ыдыс-аяқ сақтауға арналған қап – кесеқап, Құран тұғыры – лауық, қымыз құюға арналған тері ыдыс – торсық, сонымен қатар, сұлтан Баймұхамед Айшуақұлының мұрағы мен жоңғар басқыншыларына қарсы күрестің қатысушысы Ер Жәнібек Бердаулетұлының ожауын атап өтуге болады.

Кілем-киіз бұйымдары

Кілем-киіз бұйымдары қорында XVIII ғ. аяғы мен бүгінгі күнге дейін жасалған – кілем, алаша, тұскілем, сырмақ, текемет, тұскиіз, тұскесте сияқты үй жиһаздары мен откиіз, шайкиіз, тегеріш, қоржын, керме, аяққап, сандыққап, атжабу, асмалдық (түйе жабу), бота жабу, жайнамаз, бау-басқұр, арқан, көген сынды тұрмыстық және шаруашылық бұйымдары сақталған. Сонымен қатар, үзік, туырлық, түндік, ірге киіз, шым есік, шымши сияқты киіз үйдің жабын киіздері мен гобелен, панно сынды сәндік-қолданбалы өнер туындылары да бар. Олардың жалпы саны – 1700-ден астам сақтам бірлікті құрайды. Кілем-киіз коллекциялар қатарындағы заттар тақырыптық атауларына қарай жеке-жеке жинақталып топталған. Мәселен, кілем, алаша және тұрмыстық-шаруашылық тоқыма бұйымдары коллекциясы мен киіз бұйымдары коллекциясы жеке-жеке топтастырылып, екі қорға жинақталған. Өз кезегінде кілемдер түкті кілем, тақыр кілем болып жіктелген. Мәселен түкті кілемдер бетіне салынған ою-өрнегінің түрлеріне қарай жеке-жеке топтастырылып, арнайы сөрелерге жинақталған. Мәселен, түкті кілемдер:

— шатыргүл кілем, самауыргүл кілем, адай кілем, шаршы кілем болып жіктелсе, тақыр кілемдер:

— арабы кілем, орама кілем, тақта кілем, бескесте кілем, боднос кілем деп топтастырылған. Ал, төсеніш ретінде қолданылатын алашалар тоқылу техникасына қарай:

— терме алаша, кежім (бұқар) алаша деп топталған. Сонымен қатар, тұрмыстық және шаруашылық бұйымдары:

— қоржын, керме, жайнамаз, қаршын, тең (боғжама), атжабу, басқұр, бау, айнақап, дорба сияқты тақырыптық атауларымен жеке-жеке жинақталған.

Киізден жасалған үй жиһаздары:

— сырмақ, текемет, тұскиіз, төсек сырмақ болып топтастырылса, шаруашылық бұйымдары:

— айнақап, аяққап, откиіз, шайкиіз, жайнамаз, тұтқыш, ботажабу, асмалдық (түйежабу), атжабу деген топтарға бөлінген. Сонымен қатар, киіз үйдің жабын киіздері:

— үзік, туырлық, түндік, ірге ши, шым ши шым есіктері арнайы топтастырылып сақталған.

Музей қорындағы жоғарыда аталған заттардың көпшілігі музей қызметкерлерінің әр жылдары Қазақстанның әр аймағына және қазақтар мекендеген алыс, таяу шетелдерге — Қарақалпақстан, Түркіменстан, Түркия, Монғолия, Қытайға жасаған этнографиялық экспедициялар барысында алынған. Сонымен қатар, жекеленген адамдардың тапсыруымен жинақталған. Бұл заттардың көпшілігі ХХ ғасырдың 50-70 жылдары жасалған бұйымдар.

Кілем-киіз бұйымдары коллекциясындағы заттардың ішінде ХVIII ғ. аяғы мен ХІХ ғ. басында жасалған еш теңдесі жоқ бірегей заттар бар. Мәселен, КПД 230 тіркеу нөмерімен сақтаулы былғары тұскілем мен КП 13115-а нөмірлі күдері тұскілемді ерекше атап өтуге болады. Аталмыш екі тұскілем де музей коллекциялары қатарынан көркемдік жағынан ғана емес, жасалу технологиясымен де ерекше орын алады.

Түкті кілем. Қызылорда обл. ХХ ғ. басы.

Былғары тұскиіз. Алматы обл. 1890 ж.

Сырмақ. Алматы обл. ХХ ғ. басы.

Киім-кешектер

Музей қорындағы киім-кешектер коллекциясында 3 мыңға жуық құндылықтар бар. Олар Орынбор, Жетісу музейлерінен алынған, сонымен бірге 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақ КСР-інің онкүндігіне жинаған жәдігерлер. Коллекция қазақтың дәстүрлі киімдері, сахналық киімдер, өзге ұлт өкілдерінің киімдерінен, сонымен қатар тоқыма және кесте бұйымдарынан тұрады. Қазақтың дәстүрлі киімдерінің қатарында ерлердің, әйелдердің, балалардың киімдері бар. Атап айтар болсақ, оларға: қазақтарға тән бас киімдерден – бөрік, тақия, қалпақ, қасаба, сәукеле, тымақ, күләпара, бой киімнен – жейде, көйлек, шалбар, қамзол, сырт киімнен – тон, тұлып, шекпен, шапан, бешпент, аяқ киімдерден – саптама етік, мәсі, кебіс, құрым етік, шоңқайма сияқты киім түрлері жатады. Киім тігуге жібек, шыт, барқыт, пүліш сияқты маталар және малдың, аңның терілері пайдаланылып, кестеленіп, зерленіп, әшекейлермен безендірілетін болған. Атақты әртістер Жамал Омарова, Күләш Бәйсейітова, Шара Жиенқұлаовалардың сахналық киімдері қазақтың дәстүрлі киім үлгісінде тігілсе, Р.Рымбаева, М.Жүнісова, Л.Әлпиева сияқты кейінгі буынғы әртістердің сахналық киім үлгілеріне қазіргі заманғы нақыш үлгісінде тігілген.

Коллекцияда Жәңгір ханның әйелі Фатима ханшаның бешпентін, Ш.Уәлихановтың бөрігін, Тәжібай Шыңғысқызы Уәлиханованың аққу мамығынан тігілген тонын, атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың тымағын, Иса Шормановтың шапаны сияқты сирек кездесетін киім-кешектер бар.

Музей қорындағы жоғарыда аталған заттардың көпшілігі музей қызметкерлерінің әр жылдары Қазақстанның әр аймағына және қазақтар мекендейтін алыс-жақын шетелдерге – Қарақалпақстан, Түркіменістан, Монғолия, Қытайға жасаған этнографиялық экспедиция барысында алынған.

Сондай-ақ Қазақстанды мекендейтін орыс, украин, неміс, поляк, ұйғыр, дүнген, түрік, шешен сияқты диаспора өкілдерінің де киім-кешектері коллекцияда молынан кездеседі.

Сұлтан Баймұхамед Айшуақовтың мұрағы. ХІХ ғ. басы.

Бөкей ордасының ханы Жәңгірдің әйелі Фатима ханымның бешпенті. Орал өңірі. ХІХ ғ. ортасы.

Шоқан Уәлихановтың қарындасы Тәжібай Шыңғысқызы Уәлиханованың аққу мамығынан тігілген тоны. XIX ғ.

Зергерлік бұйымдар коллекциясы

Музей қорында ХVIII-ХХ ғғ. Қазақстанның барлық аймағына тән 14 мыңнан астам зергерлік бұйымдар сақтаулы. Олардың қатарында әшекей бұйымдардың көптеген түрлері: бас киімге және бұрымға тағатын әшекейлер – сәукеленің әшекейлері, шекелік, шашбау, шолпы, шаштеңге; кеудеге және киімге тағатын әшекейлер — өңіржиектер, бойтұмарлар, түймелер, түйреуіштер, алқалар; сонымен қатар — білезік, сақина, жүзік; тіс шұқығыш және құлақ тазалағыш; белдіктер және т.б. болып топтастырылған.

Қазақ зергерлері металды қолдан өңдеудің дәстүрлі технологиясын (құю, дәнекерлеу, шекіме, безендіру, сымкәптеу, қаралау т.б.) қолдана отырып, өзіндік ерекшелігі бар әшекей бұйымдарды дайындады және әйелдерге арналған әшекейлерді асқан талғампаздықпен жасады.

Бағалы металдар қорында Қазақстанның барлық өңірлеріне тән қолөнер шеберлерінің зергерлік әшекей бұйымдары жинақталған. Оның ішінде Қазақстанның Батыс өңіріне тән зергерлік бұйымдар ерекше дараланады. Мысалы, зергерлік бұйымның ерекше бірі – Атырауда жасалған өңіржиек. Ол бір-біріне төрт қырлы болып өрілген күміс алқа арқылы жалғасқан үш бөліктен тұрады. Бөліктердің беткі бөлігі алтындалып, сопақша келген ақық тастан көз қондырылып, сіркелеу техникасымен орындалған. Сондай-ақ, көнеден келе жатқан көркем құндылығымен айрықшаланатын бесбілезіктер мен көлемді келген құдағижүзіктерді де ерекше атап өтуге болады. Зергерлік бұйымдар коллекциясындағы Оңтүстік Қазақстан өңірінің әшекейлері маржан, жасыл хризопраз, көкшіл ақық және сары агат, яғни ашық түсті бағалы тастарды салуымен айшықталса, Орталық және Шығыс Қазақстан өңірінің бедерлеу және шекімелеу арқылы жасалған зергерлік бұйымдары қарапайымдылығымен ерекшеленеді.

Бес білезіктер. ХХғ.

Өңіржиек. Торғай өңірі. ХХ ғ. басы.

Құдағи жүзік. Атырау обл. ХІХ ғ.

Шаруашылық құралдар

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде егін және мал шаруашылығында, тұрмыста, қолөнерде қолданылатын құрал-саймандардың мыңға жуық түрлері сақтаулы. Бұл құралдар музей қорына этнографиялық экспедициялар барысында жинақталды, сондай-ақ жекелеген адамдардың музейге сыйға тартуы барысында толығып отырды. Құрал-саймандар жасалған материалына, сонымен бірге заттардың қолданыс аясына қарай бірнеше қорға бөлініп сақталынады. Аталған музейлік бұйымдардың барлығы дәстүрлі ортада қолданыста болғандығымен ерекшеленеді.

Атап айтар болсақ, егіншілік және малшылық құралдарынан: жер жыртуға қолданылатын соқалар; шөп жинауда қолданылатын айырлар; күрек түрлері; шөп шабуға, оруға арналған — шалғы, орақ; топырақ өңдеуге қажетті тырмалар; арба бөліктері де сақтаулы. Сондай-ақ күнделікті тұрмыста және қолөнерде пайдаланылатын құралдардан: қалақ, от көсейтін көсеу, ұстаның көрігі; ағашты шауып, өңдеуге арналған түрлі шапашот, қуысқұлақ шот секілді шот түрлері; тақтай бетін тегістеуге арналған сүргілер; қайыс әзірлеуде теріні илейтін талқы; ағаш және темір кесетін аралар; тіптен егеу, қайрақ, бұрғы, кемпірауыз, атауыз сияқты көптеген құралдарды атап өтуге болады.

Ат әбзелдері

Музей қорындағы ат әбзелдері коллекциясы ХІХ-ХХ ғасырлардағы шеберлер туындыларының әр алуандығымен және көркем безендірілуімен, бірегейлігімен және дәстүрлі ортада қолданыста болуымен ерекшеленеді. Ат әбзелдері коллекциясында барлығы сегіз жүзге жуық сақтам бірлік сақтаулы. Қазақ ер-тұрмандары аймақтық, рулық ерекшеліктеріне байланысты қоқан ер, қазақы ер (найман ер), шошақбас ер, үйрекбас ер, ақбас ер және т.б. болып келеді.

Ер-тұрманның құрамына: ер, үзеңгі, құйысқан, өмілдірік, жүген, тоқым, ат жабу, тартпа кіреді. Бұл әбзел түрлері ғасырлар бойы қалыптасқан орындау шеберлігі, халықтың эстетикалық талғамы және жылқы малына деген ерекше қарым-қатынас дәстүрі жайлы көрініс береді.

Ер-тұрмандар әшекейінің басты элементі – әр түрлі пішіндегі күміс, металл шытыралар, тоғалар және күміс айылбастар болып келеді. Олар көбінесе соғу, құю, күміспен күптеу, кескіндеу, қырнау, бедер салу, қарала жүргізу сияқты техникалармен орындалып, әйнек және әр түрлі бағалы тастармен безендірілген.

Қару-жарақ және қорғаныс жабдықтары коллекциясы

Қару-жарақ қорында ХІХ-ХХ ғасырларда қолданыста болған мыңнан астам сақтам бірлік топтастырылған. Ғылыми жіктеу бойынша олар төмендегідей топтастырылады:

—    Суық қарулар: қылшан, жақ пен оқ, найза, сүңгі бастары, жауынгерлік балталар, шоқпар, сойыл, қанжарлар мен пышақтар және басқа халықтар тұтынған қылыштар, семсерлер, сапылар;

—    қорғаныс жарақтары: дулығы, шарайна, қалқан, сауыттар;

—    отты қарулар: қазақтың отты қарулары, басқа халықтар тұтынған отты қарулар, жауынгерлік ракеталар, оқпандар, оққалыптар, тапанша.

Қару-жарақтар коллекциясындағы көне әрі бірегей жарақтың бірі Кіші Орданың сұлтаны болған Арыстан Айшуақовтың сауыты мен шарайнасын ерекше атауға болады. Ол қазақтың қорғаныс жабдығының сирек кездесетін үлгісі. Өзінің құрылымы мен пішімі жағынан дараланатын бұл сауыт бір-бірімен жалғасқан бес металл тақтадан тұрады. Оюмен өрнектеліп, төсіне Құран аяттары жазылған. Сондай-ақ Баймұхаммед Айшуақовтың оқтар салынған қылшаны, XIX ғасырдың екінші жартысына тән сұлтан М.Баймұхамедовтың тапаншасы да бар. Коллекциядағы қызығушылық тудыратын жәдігерлердің бірі – ирек жүзді, беті алтынмен апталып, өсімдіктектес өрнектермен безендірілген қылыш – XVIIIғ. соңы – XIXғ. басындағы үнді шеберінің туындысы. Сонымен қатар коллекцияда қазақстандықтардың ІІ дүниежүзілік соғыстағы жауынгерлік ерліктерінің куәсі саналатын Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизиясы жауынгерлерінің қарулары да сақтаулы.

Ыдыс және жиһаз

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде ыдыс-аяқ пен жиһаздың бай коллекциясы сақтаулы. Бұл заттар музей қорына этнографиялық экспедициялар барысында жинақталған, сонымен бірге жекелеген адамдардың музей қорына өткізуімен толықтырылған. Аталған музейлік бұйымдардың барлығы дәстүрлі ортада қолданыста болғандығымен ерекшеленеді. Мұндағы ыдыстар мен жиһаздар негізгі жасалған материалына, сонымен қатар заттардың топтастырылу ерекшелігіне қарай бірнеше қорға бөлініп сақталған. Атап айтқанда, ыдыстарды ас-тағамға арналған ыдыс-аяқтар және күнделікті үй тұрмысында қолданылатын ыдыстар деп жіктеледі. Мысалы, ас-тағамға арналған ыдыс-аяқтардан музей қорында: тостағандар, дөңгелек пішінде келген жайпақ және шұңғыл ағаш немесе темір табақ түрлері, ағаш және темір қасықтар, кепсерлер, ағаш және темір ожаулар, темір шыныларды атап өтуге болады.

Сонымен қатар музей қорындағы күнделікті үй тұрмысында қолданылатын ыдыстар қатарына ас әзірлеуге арналған қазандар, нан жабуға арналған табалар, ағаш және темір шелек түрлерін, қымыз, шұбат, айран сияқты сусын тасымалдауға арналған торсықтар, қымыз ашытуға арналған сабалар мен күбілерді, тіптен ем-дом жасауда қолданылатын, сыртында Құран сүрелері мен аяттар жазылған ғұрыптық кесені де айтуға болады.

Ал, музей қорында сақтаулы келесі заттар тобы – жиһаздар. Коллекциядағы жиһаздардың дені ағаштан жасалып, оймышталып, сүйектеліп, бағалы металдар, тастармен әшекейленіп, кейбірі былғарымен, қаңылтырмен қапталған, ішінара металдан да жасалған түрлері бар.   Оларды атап айтар болсақ: сандық, кебеже, асадал, жүкаяқ, жағлан, жастықағаш, төсекағаш, адалбақан сияқты жиһаз түрлері.

Ожау

Ғұрыптық ыдыс

Жағлан – сандық